ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ — ЖАСТЫҚ ҚОРҒАУШЫСЫ

2 августа 2023

Кез келген жаста әдемі көрініп, үнемі орасан зор энергия қорын сезінгіңіз келе ме? Дұрыс тамақтану және дене белсенділігі — жастықтың басты кілті. Үнемі сымбатты дене бітімін сақтау үшін дұрыс тағамдарды тұтыну маңызды. Рационда міндетті түрде болуы тиіс 7 негізгі азық-түліктерді бөліп көрсетеміз.

Брокколи қырыққабаты

Бұл ең пайдалы көкөніс. Оның құрамында жүрек аурулары мен қатерлі ісік ауруларының дамуына кедергі келтіретін антиоксиданттар бар. Дәрумендер мен минералдардың жоғары мөлшері оны сұлулықты сақтау үшін таптырмайтын етеді. Оны қолдану шашты нығайтуға, теріні сауықтыруға және көздің көруін жақсартуға көмектеседі. Осы қырыққабаттың құрамындағы жасұнық ас қорытуды қалыпқа келтіреді, және асқазанды тазартады.

Ғалымдардың соңғы зерттеулеріне сәйкес, брокколи қырыққабатында сульфорафан бар. Бұл зат асқазанның ойық жарасын тудыратын және қатерлі ісік тудыруы мүмкін бактериялармен күреседі.

Қаражидек

Бұл жидек антиоксиданттардың құрамы бойынша бірінші орында. Оны тұтыну жасушалардың қартаю процестерінің баяулауына әкеледі. Қаражидек дәрі-дәрмектер жасауда өте кең қолданылады. Жаңа піскен және кептірілген жидектер көз ауруларына, қант диабетіне және асқазан-ішек ауруларына көмектеседі.

Осы жидекті тұрақты түрде пайдалану көздің торлы қабығының қанмен қамтамасыз етілуінің жақсаруына және оның тез қалпына келуіне септігін тигізеді. Бұл ұзақ мерзімді көру жүктемелерінде шаршаудың төмендеуіне және көру өрісінің ұлғаюына әкеледі. Сонымен қатар, қаражидек ымырт кезінде көздің көруін жақсарта алады.

Балық

Фосфор, кальций, мырыш, темір, йод, магний — бұл балықта кездесетін минералдардың біразы. Ол сондай-ақ көптеген дәрумендерге бай. Ал балықтың майлы түрлерінде омега-3 май қышқылдары бар.

Балықты тұтыну зиянды холестерин деңгейін төмендетеді, қысымды қалыпқа келтіреді, инфаркт пен инсульт қаупін азайтады. Балықтағы ақуыздардың, көмірсулардың және майлардың теңдестірілген құрамы артық салмақтан арылуға көмектеседі. Жастық пен анық ақыл-ойды сақтау үшін балықты кем дегенде күнара жеу керек.

Жаңғақтар

Жаңғақтардың әр түрі өзінше пайдалы. Мысалы, бадам, жержаңғақ, бразилия жаңғағы және балқарағай жаңғақтарының құрамында Е дәрумені көп. Және ол сұлулық дәрумені болып саналады. Жаңғақтардың құрамында омега-3 май қышқылдары бар. Сонымен қатар, олардың құрамы ақсеркеге қарағанда 3 есе көп.

Жаңғақтар жеңіл тамақтану үшін керемет үйлеседі. Олар қарынның ашуын жақсы қанағаттандырады және ағзаны көптеген минералдар мен дәрумендермен қанықтырады.

Зәйтүн майы

Бұл өнім моноқанықпаған майларға бай. Олар жүрек ауруының қаупін азайтады, сонымен қатар қатерлі ісік ауруының алдын алады. Зәйтүн майы полифенолдарға бай, олар күшті антиоксиданттық қасиеттерге ие. Полифенолдар жасқа байланысты аурулардың алдын алуға көмектеседі.

Апельсин шырыны

Бұл сусынның құрамында флавоноидтардың 60-қа жуық түрі бар. Бұл заттар ағзаны жасартады, жасушалардың қалпына келуіне оң әсер етеді. Сонымен қатар, апельсин шырынында С дәрумені мен бета-каротиннің мөлшері көп. Бұл сусын ағзаны энергиямен қуаттандыруға қабілетті, сондықтан оны таңертең қабылдау өте тиімді. Шырынның жаңа сығылуы маңызды.

Қара шоколад

Оның құрамына кіретін флавоноидтар қантамырларды қартаюдан қорғайды. Шоколадты тұтыну жоғары қысымның, жүрек ауруларының, екінші типті қант диабетінің алдын алуға және ақыл-ой қабілетінің төмендеуін алдын алуға ықпал етеді.

Шоколадтың құрамына кіретін какао-атбас бұршақтарында антиоксиданттар мөлшері көп. Олар жасушаларды бос радикалдардың жойқын әсерінен қорғайды және жастықты сақтайды. Шоколадтың құрамында кем дегенде 70 % какао болуы маңызды.